«Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы»
Жаздың жайма шуақ күндерінде аталып өтетін мерекелер аз емес. Соның бірі – медицина қызметкерлерінің күні. Маусым айының үшінші жексенбісі – елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі дәстүрлі түрде аталып өтеді. Бұл –өмірлерінде бірде-бір рет қателесуге қақысы жоқ мамандық иелерінің төл мейрамы. Биыл да аудандық мәдениет үйіне жиналған медицина қызметкерлері салтанатты шараның куәсі болды. Ақ халатты абзал жандарға арналған кеш шымылдығы дәрігерлердің жанкешті қызметіне арналған бейнероликпен ашылды. Мерекелік іс-шараға қатысқан аудан басшысы Салықбаев Алмас дәрігерлерді төл мерекесімен құттықтап, халықтың денсаулығын сақтауда еңбек етіп жүрген бірқатар сала үздіктеріне арнайы Алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар сала қызметкерлеріне медицина саласындағы қажырлы еңбегі үшін «Асыл дәрігер» медальі және «Мейірім» медальін Ақтөбе облысының дәрігерлер мен провизорларының ассоциациясы атынан табыс етті. Сондай-ақ Мәртөк аудандық ауруханасының бас дәрігері Н.Ж.Кішкентаев медицина қызметкерлерін төл мейраммен құттықтады, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Р.Исаев, «Senim» кәсіподақ төрағасы Қ.Сабыр атынан және «Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы» ММ «Ақтөбе медициналық колледжі» МКҚК директоры Кузбаков М. Х. атынан «Білім беруде қосқан зор үлесі үшін» алғыс хаттар, құрмет грамотасы мен медаль табысталды. Салтанатты жиын соңы мерекелік бағдарламаға ұласты. Арнайы облыстан келген кеш қонақтары «Қазақ камералық қоры» мерекелік шараға келген медицина қызметкерлеріне өз әндерін арнады және аудан өнерпаздары мен аурухана ұжымының жастары мереке иелеріне өз өнерлерін көрсетіп, ән шашуларын тарту етті.
Комментарии (0)
Добавить